Қарашығанақ кенішінде 4-ші газды қайта қысымдайтын компрессор іске қосылды

Қарашығанақ кенішінде 4-ші газды қайта қысымдайтын компрессор іске қосылды

705

10 Желтоқсан 2021

Қарашығанақ кенорнында 4-ші газды қайта қысымдайтын компрессорды іске қосу рәсімі өтті. Жалпы құны 500 млн доллардан асатын аса күрделі жобаның аяқталуы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орайластырылған.  

Шараға Батыс-Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, «Karachaganak PetroleumOperating BV» басшылығы мен жоба серіктестері - «ENI», «Royal Dutch Shell», «Chevron», «ЛУКОЙЛ», «ҚазМұнайГаз» компаниялары және «Самұрық-Қазына» Қорының өкілдері қатысты. 

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма Төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қарашығанақ кеніші республикамыздың экономикалық тұрақты дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін тілге тиек етті. «Жоба іске қосылғалы мұнай мен газ саудасынан салықтар мен әлеуметтік төлемдер ретінде еліміздің бюджетіне 39,4 млрд доллар түсті. Кенорын жұмысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне оң ықпалын тигізді. Жаңа жұмыс орындары құрылып, жаңа технологиялар енді, инфрақұрылым дамыды», деді Алмасадам Сәтқалиев.   

4-ші компрессор жобасын жүзеге асыру газды қайта қысымдап, жер астына жіберу көлемін арттыруға, соның есебінен мұнай өндіру көлемін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Мамандардың есептеуінше, төртінші компрессордың жұмысы мұнай өндіру көлемін 2038-ші жылға дейін 7 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.  

Қарашығанақ газконденсат кенорны әлемдегі ең ірілердің бірі саналады. Баланстағы қоры 9 млрд баррель конденсат пен 48 триллион текше фут газ. Жалпы бағаланған қоры 2,4 миллиарда баррель конденсат пен 16 триллион текше куб газ. 

Қазіргі таңда бұл жоба бойынша серіктестер қатарында 5 ірі мұнайгаз өндіруші компания бар: «ENI» (29.25%), «Royal Dutch Shell» (29.25%), «Chevron» (18%), «ЛУКОЙЛ» (13.5%) және «ҚазМұнайГаз» (10%). Өнімді бөлісу жөніндегі мәміледегі Қазақстанның уәкілетті органы - "PSA" ЖШС.