«Самұрық-Қазына» АҚ түрік компанияларымен 180 млн. АҚШ долларын құрайтын құжаттарға қол қойды

«Самұрық-Қазына» АҚ түрік компанияларымен 180 млн. АҚШ долларын құрайтын құжаттарға қол қойды

223

11 Мамыр 2022

Қазақстан Республикасы Президентінің Түрік Республикасына мемлекеттік сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркияның вице-президенті Фуат Октай бизнес қауымдастықпен кездесті. Іс-шара барысында «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының төрағасы Алмасадам Сәтқалиев баяндама жасады. Ол өз сөзінде, екі мемлекет арасындағы халықаралық ынтымақтастық шеңберінде 2 млрд АҚШ долларын құрайтын, бірлескен 61 жоба іске асырылғанын атап өтті. Одан бөлек қазіргі кезде 25 жоба іске асырылу барысында және тағы 54 жоба талқылау сатысында тұр. Бұл күндері Қор мен түрік компаниялары арасында жалпы сомасы 180 млн АҚШ долларын құрайтын алты құжатқа қол қойылды.

1652251314_KZ3_0586.jpg

«Біздің «Самұрық-Қазына Инвест» компаниясы «Gоknur», «Panelsan», «Isiklar» деп аталатын түрік серіктестерімен бірлесіп, жемістер мен көкөністерді, сэндвич-панельдер мен буып-түю материалдарын өндіретін және қайта өңдейтін жобаларды іске асыратын болады. Сондай-ақ «Тау-Кен Самұрық» компаниясы «Esan» және «Lidya» компанияларымен бірлесіп, алтын кені және мыс геологиялық жобаларын әзірлейтін болады», – деді Алмасадам Сәтқалиев. 

«Самұрық-Қазына» АҚ-ның Басқарма төрағасы Қордың портфельдік компаниясы – «Қазақстан темір жолы»ҰК» АҚ-ның екі ел арасындағы жүк тасымалдау көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқанын да атап өтті. Өсім мұнай өнімдері, бидай, көмір, химикаттар экспортының ұлғаюына байланысты. Сондай-ақ тасымалдардың артуына Қытай мен Түрікменстаннан Түркияға Қазақстан Республикасы арқылы транзитпен өтетін химикаттар мен соданың экспорттық жеткізілімдері ықпал етті. Жолаушылар тасымалы мәселелерінде Қордың «Air Astana» және «FlyArystan» портфельдік компаниялары Ыстамбұл мен Анталияға тікелей әуе рейстерін жүзеге асырады.

1652251314_KZ3_0513.jpg

Алмасадам Сәтқалиев өз сөзінде Қор түрік тарапымен әріптестік қарым-қатынастарды одан әрі дамыту перспективаларын қарастырып жатқанын атап өтті. Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік әлеуетті кеңейту, пайдалы қазбаларды өндіру, мұнай-газ химиясы, металлургия және оларды қайта өңдеу саласындағы ынтымақтастық, агротехнологиялар, денсаулық сақтау, білім және ғылым саласындағы жобаларды іске асыру – басым бағыттар болып отыр. Сондай-ақ басым жобалар арасында газ инфрақұрылымын және газ-химия өнеркәсібін дамыту бойынша тиісті уағдаластықтарды «QazaqGaz» АҚ және түріктің «Yildirim Holding» компаниясы арқылы іске асыру жоспарланып отыр.

Бұдан басқа, «Самұрық-Қазына» АҚ түрік компанияларын Қорды жекешелендіру бағдарламасына қатысуға шақырады.

Фото www.akorda.kz