«Самұрық-Қазына» және Ashmore компаниялары Қазақстанда әлемдік деңгейдегі клиникалық технологияларды енгізуді жоспарлап отыр

«Самұрық-Қазына» және Ashmore компаниялары Қазақстанда әлемдік деңгейдегі клиникалық технологияларды енгізуді жоспарлап отыр

40

06 Қараша 2025

«Самұрық-Қазына» АҚ және Ashmore инвестициялық компаниясы Ashmore Healthcare International еншілес ұйымы арқылы Қазақстанда батыс үлгісіндегі алғашқы көпсалалы клиниканы құруды жоспарлап отыр. Ол Орталық Азияның медициналық хабы болмақ.

Жалпы инвестиция көлемі - шамамен 150 млн АҚШ доллары.

Қазақстандағы госпиталь Ashmore компаниясының жаһандық клиникалық серіктестерінің бірімен бірлесіп жұмыс істемек. Бұл өңірдің денсаулық сақтау саласында озық медициналық технологиялар мен ғылымның заманауи жетістіктерін қолдануға мүмкіндік береді.

«Қор Ashmore мен оның америкалық клиникалық серіктесінің тексерілген білімі мен тәжірибесін Қазақстанның денсаулық сақтау саласына енгізу мүмкіндігін жоғары бағалайды. Бұл бастама денсаулық сақтау саласында халықаралық озық стандарттарды енгізуге ықпал етеді», – деді «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов.

«Ashmore Қазақстанның түрлі саладағы тұрақты дамуына қолдау көрсетуге дайын. Біз өзара серіктестігімізді жоғары бағалаймыз және «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, Қазақстанда жоғары сапалы медициналық қызметтер көрсететін аймақтық орталық құруға қуаныштымыз», – деді Ashmore Group plc компаниясының бас директоры Марк Кумбс.