«Самұрық-Қазына» қоры мен «ACWA POWER» компаниясы Қазақстандағы ЖЭК қуатын арттыруда

«Самұрық-Қазына» қоры мен «ACWA POWER» компаниясы Қазақстандағы ЖЭК қуатын арттыруда

566

01 Наурыз 2023

Бүгін Эр-Рияд қаласында Ұлы мәртебелі ханзада Абдул-Азиз ибн Салманның қатысуымен, Сауд Арабиясының Энергетика министрі, «ACWA Power» компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Мохаммад Абунайян, ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев электр энергиясын жинақтау жүйесі бар және жиынтық қуаты 1 ГВт болатын Қазақстандажел электр станцияларын салу жобасы бойынша қағидаттар туралы келісімге қол қойды.

Осы келісім Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы шілдеде Сауд Арабиясына барған сапары шеңберінде қол жеткізілген электр энергетикасын және жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласындағы уағдаластықтардың нәтижесі болып табылады.

«ACWA Power» компаниясымен бірлескен жоба Қордың басым жобаларының екінші топтамасына енгізілген. Жобаның мақсаты көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге жәрдемдесу және елдің жалпы электр энергиясын өндірудегі ЖЭК үлесін ұлғайту болып табылады. Жетісу облысының Жоңғар қақпасы ауданында салу жоспарланып отыр.

«ACWA Power» компаниясы желдің жылдамдығын өлшеуді, қажетті инфрақұрылымның көлемі мен құнын бағалауды қоса алғанда, жобаны техникалық тұрғыдан пысықтауға кіріседі.

Анықтама үшін: ACWA Power компаниясы (TADAWUL: 2082) – электр энергиясын, тұзсыздандырылған суды және жасыл сутекті өндіретін қондырғылардың әзірлеушісі, инвесторы және операторы. Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында 2004 жылы құрылып, тіркелген. ACWA Power компаниясында 3900-ден астам адам жұмыс істейді. Компания Таяу Шығыс, Африка, Орталық Азия және Оңтүстік Шығыс Азияның 12 елінде ұсынылған. Портфельге мемлекеттік коммуналдық қызметтер мен кәсіпорындардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттар негізінде жеткізілетін тәулігіне
44,4 ГВт электр энергиясын және 6,4 млн м3 тұщыландырылған су өндіретін қуаты бар, құны 256,5 млрд сауд риалын (68,4 млрд АҚШД) құрайтын 68 жұмыс істеп тұрған, перспективалы немесе салынып жатқан жобалар кіреді.