«Самұрық-Қазына» компаниялары БАӘ серіктестерімен бірлесіп жұмыс істеуге келісті

«Самұрық-Қазына» компаниялары БАӘ серіктестерімен бірлесіп жұмыс істеуге келісті

691

17 Қаңтар 2023

Тиісті келісімдерге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әбу-Дабиге ресми сапары аясында қол қойылды.

Қазақстандық делегацияның құрамына Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі, Энергетика министрі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» басшылары мен «ҚазМұнайГаз», «QazaqGaz», «Қазақстан Темір Жолы» сияқты Қорға қарасты бірнеше еншілес компаниялардың басшылары Әбу-Дабидегі Abu Dhabi Sustainability Week халықаралық экологиялық форумына, сондай-ақ Қазақстан-БАӘ инвестиция бойынша дөңгелек үстеліне қатысты.

БАӘ-нің жетекші компаниялары Қазақстанмен бірлескен жұмысқа қызығушылық танытты. Олардың қатарында Mubadala (мемлекеттік холдинг), Masdar (баламалы энергия), Abu Dhabi Ports Group (теңіз логистикасы), Aldar Properties (құрылыс), G42 (жасанды интеллект), Ayana Holding (сәулет және дизайн), Metito (су ресурстары), Al Badie Group (қауіпсіздік және қорғаныс), Royal Strategic Partners (инвестициялар) бар.

«Самұрық-Қазына» компаниялары мен БАӘ серіктестері арасындағы келіссөздер нәтижесінде бірқатар келісімге қол қойылды. «ҚазМұнайГаз» мен Abu Dhabi Ports флотты дамыту және Каспий мен Қара теңізде жағалау/порттық инфрақұрылымды құру бойынша серіктестік туралы келісімге отырды. Бұл қазақстандық мұнайды әлемдік нарыққа жеткізуді әртараптандыруға және арттыруға мүмкіндік береді. Тараптар бірлесе отырып Каспий теңізіндегі теңіз мұнай кен орындарына қызмет көрсету үшін таяз тартылатын кемелер флотын, сондай-ақ Ақтау портынан Әзірбайжанға мұнай экспорттау үшін танкерлік флотын құратын болады. Транскаспий бағыты үшін (Қытай-Еуропа) контейнерлік паромдардан сауда флотын және «Солтүстік-Оңтүстік» (Ресей-Иран) бағыты бойынша құрғақ жүк флотын құру мәселесі де пысықталуда.

Сонымен қатар «QazaqGaz» Dragon Oil (Түрікменстанның Каспий қайраңында мұнай мен газ өндіреді) және Petromal National Holding (мұнай мен газға инвестиция құяды) өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойды.

«Самұрық-Қазына» компаниялары БАӘ серіктестерімен бірлесіп жұмыс істеуге келісті

Суреттер: akorda.kz