Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» қорының Директорлар кеңесінің отырысын өткізді

Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» қорының Директорлар кеңесінің отырысын өткізді

70

27 Тамыз 2026

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі, «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Олжас Бектенов Қордың Директорлар кеңесінің отырысын өткізді.

Отырыста «Самұрық-Қазына» қызметінің негізгі нәтижелері, оның ішінде өндірістік және қаржылық көрсеткіштер, сондай-ақ отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері қаралды.

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Қордың 2026 жылдың жеті айындағы қызметінің нәтижелері және Мемлекет басшысының экономиканы дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру барысы туралы баяндады.

Атап айтқанда, Қор қызметінің негізгі өндірістік және қаржылық көрсеткіштері, отандық тауар өндірушілерді қолдау және сатып алу жүйесін жетілдіру мәселелері, сондай-ақ Қор тобының ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар (ҒЗТКЖ) бойынша жобалары мен инвестициялық бағдарламаны дамыту мәселелері қаралды.

2026 жылғы қаңтар–шілде қорытындысы бойынша Қордың кірісі 12,5 трлн теңгені құрап, жоспарлы көрсеткіштен 5%-ға асты. EBITDA 3,472 трлн теңге болды, бұл жоспардан 7%-ға жоғары. Ал таза пайда 1,274 трлн теңгені құрап, жоспарлы көрсеткіштен 4%-ға асты.

Негізгі өндірістік көрсеткіштердің орындалғаны аталды.

Image (10).jpeg

Отандық тауар өндірушілерді қолдау

Қор қызметінің маңызды бағыттарының бірі – топ компанияларының сатып алуы арқылы отандық өндірісті дамыту.

2026 жылдың жеті айында отандық тауар өндірушілермен 694 млрд теңгеге келісімшарттар жасалды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32%-ға көп. Жыл қорытындысы бойынша ОТӨ-ден сатып алу көлемі шамамен 1,3 трлн теңге болады деп күтіледі.

Сатып алу жүйесінде отандық өндірушілерді қолдаудың 16-дан астам шарасы қолданылады. Оның ішінде қазақстандық тауарларға басымдық беру, ұзақ мерзімді шарттар жасасу, 30% мөлшерінде міндетті алғытөлем жасау және жедел төлем жүргізу тетіктері бар.

Офтейк-келісімшарттар тетігін дамыту жұмыстары жалғасуда. 2026 жылғы қаңтар–шілде айларында 52,8 млрд теңгеге офтейк-келісімшарттар жасалды. Жыл қорытындысы бойынша 261 млрд теңгеге келісімшарттар жасасу жоспарланып отыр. 2025 жылы жасалған офтейк-келісімшарттардың көлемі 257,5 млрд теңгені құрап, бір жылда 34%-ға өсті.

ҒЗТКЖ жұмыстарының қорытындылары

Қор тобындағы ҒЗТКЖ жобалары ғылым мен инновацияларды дамыту бойынша Қордың бірыңғай операторы – «Самғау» ҒТБО арқылы іске асырылады. Портфельде жалпы сомасы 13,9 млрд теңгені құрайтын 55 жоба бар, олардан күтілетін экономикалық әсер бес жыл ішінде 245 млрд теңгені құрайды.

Оның ішінде 7 жоба аяқталды, 37 жоба іске асыру сатысында.

Маңызды жобалардың бірі – «Қаражанбасмұнай» АҚ кен орнында Каспий теңізіндегі инновациялық сейсмикалық барлау жұмыстары. Мұнда жарылыссыз әдістерді қолдану (жарылғыш технологияларды экологиялық талаптарға сәйкес қолдануға тыйым салынған) 4 667,6 мың тонна көлемінде қосымша мұнай қорын анықтауға мүмкіндік берді. Шығыны 2,6 млрд теңге болатын жоба бойынша бес жыл ішіндегі күтілетін экономикалық әсер 187,8 млрд теңгені құрайды.

Отырыс қорытындысы бойынша Олжас Бектенов инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыру және Қор тобының сатып алу жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Фото: Ukimet