«Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов Шетелдік инвесторлар кеңесі аясында Eni компаниясының өкілдерімен кездесті

«Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов Шетелдік инвесторлар кеңесі аясында Eni компаниясының өкілдерімен кездесті

38

02 Шілде 2026

«Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов Eni S.p.A. компаниясының Жаһандық табиғи ресурстарды барлау және өндіру жөніндегі директоры Лука Виньятимен кездесті.

Нұрлан Жақыпов Eni компаниясы қордың негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі екенін және көп жылдан бері Қазақстанның мұнай-газ саласының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

Компания «ҚазМұнайГазбен» бірлесіп еліміздегі ең ірі мұнай-газ кен орындары – Қашаған мен Қарашығанақты игеруге қатысады. Кездесу барысында тараптар өндіріс көлемін одан әрі арттыруға бағытталған жобаларды іске асыру жөнінде талқылады.

Кездесуде энергетика саласындағы серіктестікке ерекше назар аударылды. Жаңаөзен қаласында қуаты 247 МВт болатын гибридті электр станциясын салу жобасы жалғасуда. Күн электр станциясы пайдалануға берілді, ал газ электр станциясы бойынша іске қосу жұмыстарының соңғы кезеңі аяқталуға жақын және оны биыл III тоқсанда іске қосу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, Eni компаниясының жергілікті өндірісті дамытудағы үлесі аталды. Қуаты 77 МВт болатын жел электр станциясы үшін компания Samruk-Kazyna Invest пен SANY Renewable Energy бірлесіп құрған Шу қаласындағы зауытта өндірілген жел турбиналарын таңдады. Бұл отандық өнеркәсіптің дамуына және локализация саясатын іске асыруға ықпал етеді.

Eni – әлемнің 80-нен астам елінде қызмет ететін Италияның ірі мұнай-газ компаниясы. Ол Қазақстанда 1992 жылдан бері жұмыс істеп келеді.