«Самұрық-Қазына» жылдық 2,18% рекордтық төмен мөлшерлемемен панда-бондтарды дебюттік шығару бойынша өтінімдер кітабын сәтті жапты

«Самұрық-Қазына» жылдық 2,18% рекордтық төмен мөлшерлемемен панда-бондтарды дебюттік шығару бойынша өтінімдер кітабын сәтті жапты

314

10 Сәуір 2026

«Самұрық-Қазына» АҚ Қытайдың ішкі борыш нарығында айналым мерзімі 3 жыл болатын, көлемі 3 млрд юань панда-бондтарды дебюттік шығару бойынша өтінімдер кітабын сәтті жапты. Қорытынды кіріс жылдық 2,18% деңгейінде белгіленді.

Облигацияларды орналастыру 10 млрд юань көлемінде тіркелген бағдарлама аясында жүзеге асырылуда. Бұл Қытайдың капитал нарығына әрі қарай да қатысуға мүмкіндік береді.

Аталған мәміле қор үшін Қытайдың ішкі облигациялар нарығына алғаш рет шығуымен ғана емес, сонымен қатар Орта Азиялық эмитенттің осы нарыққа тарихта алғаш рет шығуымен ерешеленеді. Бұл - қаржыландыру көздерін әртараптандыру, инвесторлар базасын кеңейту және юань бойынша ұзақ мерзімді капиталға қол жеткізу жөніндегі стратегияның маңызды кезеңі.

Шығарылымға China Chengxin International Credit Rating Co., Ltd. (CCXI) агенттігінің AAA рейтингісі берілді, бұл эмитенттің рейтингісіне сәйкес келеді және несиелік сапаның жоғары екенін растайды.

Мәміле бойынша Bank of China Limited жетекші андеррайтер және букраннер қызметін атқарды. Қосымша жетекші андеррайтер және букраннерлер — China International Capital Corporation Limited, China Construction Bank Corporation және Deutsche Bank (China) Co., Ltd.

Панда-бондтар Қытайдың ішкі нарығында орналастырылады және Қытай Халық Банкі мен Қытайдың қаржы нарығындағы институционалдық инвесторлар ұлттық қауымдастығы тарапынан реттеледі. Бұл құрал әлемдегі ірі әрі өтімді борыш нарықтарының біріне шығуға мүмкіндік береді және жергілікті институционалдық инвесторлардың кең базасы мен бәсекелі қарыз алу шарттарын қамтамасыз етеді.

Өтінімдер кітабының сәтті жабылуы инвесторлар тарапынан сенімділіктің жоғары екенін көрсетіп, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның халықаралық капитал нарықтарындағы несиелік бағытының тартымдылығын растайды.