«Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов Әзербайжанның Цифрлық даму және көлік министрі Рашад Набиевпен кездесті

«Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов Әзербайжанның Цифрлық даму және көлік министрі Рашад Набиевпен кездесті

48

02 Сәуір 2026

2026 жылғы 2 сәуірде Баку қаласына жұмыс сапары аясында «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрі Рашад Набиевпен кездесті.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайын және оны дамыту перспективаларын, оның ішінде көлік-логистика саласын талқылады.

Кездесу барысында Қазақстан мен Әзербайжан порттарында теңіз түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу жөніндегі бірлескен жобаны іске асыруға ерекше назар аударылды. Бұл жобаның порт инфрақұрылымының өткізу қабілетін сақтау және екі мемлекет арасындағы сауда байланыстарын одан әрі дамыту үшін аса маңызды екені аталды.

Image (86).jpegТалқылау барысында тараптар қол жеткізілген нәтижелер мен жоба бойынша негізгі міндеттерге тоқталды. Нұрлан Жақыповтың айтуынша, қазіргі уақытта қордың еншілес компаниясы – «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС мен Әзербайжанның AZCON мемлекеттік холдингі арасында жобаны бірлесіп іске асырудың негізгі шарттары мақұлданған. Осылайша, кездесу аясында компаниялар тараптардың өзара іс-қимыл шарттарын бекітетін Акционерлік келісімге қол қойды.

Сондай-ақ, тараптар «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС мен AZCON арасында АХҚО алаңында бірлескен кәсіпорын құру және негізгі жабдықтарды жеткізу бойынша келісімшарт жасасуды жақын перспективадағы басым міндет ретінде айқындады. Бұл Әзербайжанда 2027 жылы теңіз түбін тереңдету жұмыстарына кірісуге мүмкіндік береді.

«Әзербайжан көлік-коммуникациялық холдингі (AZCON)» жария құқықтағы заңды тұлғасы Әзербайжан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 7 қарашадағы Жарлығымен құрылды.

AZCON ұйымының негізгі мақсаттары – басқаруына берілген мемлекеттік кәсіпорындарды, шаруашылық қоғамдарды және мемлекеттік үлесі бар жария құқықтағы заңды тұлғаларды корпоративтік басқарудың заманауи қағидаттарына сәйкес басқару, олардың қызметін жетілдіру, бәсекеге қабілеттілігі мен қаржылық тұрақтылығын арттыру.