Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Қордың белсенді инвестор моделіне көшкенін жариялап, Қордың жаңа құрылымын таныстырды.
«Жаңа модельдің басты үш функциясы мынадай: қолда бар активтерді оңтайландырып, олардың тиімділігін арттыру; елімізде жаңа тұрақты индустрияларды дамыту; қор мен еншілес компаниялардың потенциалы мен қазіргі нарықты ескере отырып, әрқайсысына ұтымды стратегия әзірлеу»,-деді Ө.Шөкеев.
Трансформация аясында «Самұрық-Қазына» мобильді және тиімді индустриалды-қаржылық холдингке айналады. Ол келешекте активтердің екі түрін басқармақ. Алғашқысы - стратегиялық маңызды салаларда (мұнай, уран, инфрақұрылым) қызмет ететін Қорға тәуелді немесе акцияларының бақылаушы пакеті қор иелігіндегі негізгі тірек компаниялар. Екіншісі – құрамы тұрақты түрде жаңарып отыратын дамушы компаниялар топтасқан, коммерциялық активтер. Бұл жағдайда осы коммерциялық портфельден барынша мол экономикалық қосымша құн, яғни EVA алынады деп болжанды.
«Біз 2020 жылға дейін барлық еншілес компанияларды оң EVA көрсеткіштеріне жеткізу міндетін жүктеп отырмыз. Алайда қазір мұндай нәтижеге тек «Эйр-Астана» компаниясы қол жеткізе алды»,-деп атап айтты ол.
Қордың басқарма төрағасы холдинг қызметінің нәтижелерін хабарлады. Ағымдағы жылы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы шығындарын 519 млрд. теңгеге қысқартқан болатын. Бұл қадам қаржылық көрсеткіштерді айтарлықтай жақсартып, шығынға ұшырамауға сеп болды. 2015 жылдың қорытындысында 300 млрд. теңге кіріс түседі деп күтіледі.
Бұдан бөлек, 2015-2019 жылдарға жоспарланған жобалар қайта сараланып, инвестициялық жобалар жалпы сомасы 633 млрд. теңгеге оңтайландырылды. Бұл ретте ҮИИД МБ, «НҰРЛЫ ЖОЛ» және «EXPO-2017» жобалары Қордың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Оларды жүзеге асыру жалғасады.
Жыл соңына дейін 14 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 6 мың 800 жұмыс орны ашылмақ. Ал 2016-2017 жылдары жалпы сомасы $17,6 млрд. тұратын 26 жоба жүзеге асырылады. Оларда 45 мың жұмыс орны ашылады.
IPO-ны қоса алғанда, 43 ірі активті жекешелендіру бағдарламасына енгізу көзделген. Бұл қатарда «ҚМГ», «ҚТЖ», «ҚазАтомӨнеркәсіп», «Самұрық-Энерго» компаниялары бар. Жаңадан құрылып жатқан Астана қаржы орталығы алаңында «Тау-Кен Самұрық» компаниясының 25%-тен кем емес үлесін сату көзделіп отыр. Бұдан бөлек, компанияның негізгі қызметіне қатысы жоқ, 182 бейінді емес активтен тұратын жеке тізім жасалды. Олар 2016-2017 жылдары қайта құрылымданады немесе жеделдетілген тәртіппен аукцион әдісі арқылы жекешелендіріледі.
Жоғарыда аталған барлық активтердегі капиталдың жалпы құны 2,5 трлн. теңгеге жуықтайды. Алайда оларды бағалау барысында активтердің потенциалдық нарықтық құны айтарлықтай ұлғаюы мүмкін.
Осылайша қайта құрылымдау мен жекешелендірудің арқасында бірқатар ірі компаниялар оңтайландырылады. Мәселен «ҚазМұнайГаз» құрамындағы компаниялар санын 206-дан 75-ке дейін, ал «Қазақстан Темір Жолы» құрамындағы ұйымдар санын 82-ден 38-ге, «Самұрық-Энерго» компанияның еншілес кәсіпорындарының санын 38-ден 19-ға дейін азайту көзделген.
Осындай қайта құрылымдаудың нәтижесінде 2020 жылға қарай аталған компаниялардағы тиімділік шамамен 680 млрд. теңгеге жуықтайды.
Ауқымды жекешелендіру бағдарламасымен қатар Қор трансформация жұмыстарын да қарқынды жүргізіп келеді.
Өткен жылы Қордың корпоративтік орталығындағы барлық бизнес процестер (олардың саны 2 мыңнан астам) қайта қаралды. Жаңа қызмет модельі жасақталып, Қордың жаңа құрылымы әзірленді. Әр құрылымның рөлі сипатталып, қызметінің негізгі көрсеткіштері мен қызметкерлерге қойылатын біліктілік талаптары нақты көрсетілді.
Қор қолға алған негізгі бастамалардың бірі – сатып алулардың жаңа жүйесі. Ол жылына 380 млрд. теңге яғни сатып алуларға жұмсалатын шығынды 25% үнемдеуге бағытталған. Ол үшін халықаралық компаниялар тәжірибесінде сыналған тәсілдер қоданылмақ. Атап айтқанда, квалификация алды іріктеу, санаттау және түрлі деңгейдегі сатып алулар процестерін орталықтардыру әдістерін енгізу жоспарланған.
«Барлық бұл бастамаларды Қор трансформацияның алғашқы табыстары деп біледі. Мақсат барлық қызметкерлерді ортақ іске жұмылдырып, қомақты нәтижелерге қол жеткізу»,- деп сөзін түйіндеді Ө.Шөкеев.